Қостанайлық бағбандар жасыл технологияны бау-бақшада қолдануда


Жасыл технология ел тірлігіне дендеп ене бастады. Қазір оның тиімділігін көріп отырған жеке кәсіпкерлер де бар. Бір ғана Тобыл өңірінде іскерлер су және қуат көзін үнемдеуге арналған 30 шақты жобаны қолға алған.  Мағауия Қалиев, тілші -Жасыл технологияның тиімділігін мына бір жеке үйдің бақшасынан көруге болады. Тамшылатып суару, гидрогель және агроталшықты пайдаланудың нәтижесінде мұнда жеміс-жидектің өнімділігі әдеттегіден 3-4 есе жоғары. Және суды да 35-40 пайызға дейін үнемдейді. Валерий Мищенконың үй маңындағы бақшасында жеміс-жидек, көкөністің түр-түрі  бар. Ауқымды алқап арам шөптен ада.  «Мұның бәрі тамшылатып суарудың арқасы», – дейді тәжірибелі бағбан. Валерий Мищенко, бағбан -Тамшылатып суарудың артықшылығы көп. Түн мезгілі 12-14 сағатқа қосып қоясың. Қарап, бақылап жүрудің қажеті жоқ. Түбіне ғана тамшылап тұрған соң және үстінен мынандай агроталшықпен жабылғаннан кейін жан-жағына арамшөп өспейді, суға да үнем.   Суды үнемдеудің тағы бір тәсілі көшет түбіріне домалақ гидрогелдерді салу. Бойына су сіңіргіш домалақ түйіршіктер бірнеше апта өсімдікті қажетті ылғалмен қамтамасыз етеді. Қостанай облысында тәжірибе ретінде алпысқа жуық жеке үйлердің бақшасында осындай жасыл технологиялар қолданылады. Жаңа әдіске негізделген жылыжайлар да бар.   Меруерт Абдалиева, жасыл экономиканы қолдау және «G-Giobal» дамыту коалициясының баспасөз хатшысы -Мұндай жобалар Ақмола облысында жүзеге асқан. Біздің Арнасай ауылында осындай бір жылыжайда 21 жасыл технологиялар енгізілген. Қазақстанның 8 өңірінде осы жобалар 2016-2017 жылдары іске асатын болады. Қостанайда сондай-ақ баламалы электр қуатын пайдаланатын  нысандар да аз емес. Әсіресе демалыс орындарында күн батареяларын жиі ұшыратасың.   Галина Шнайдер, кәсіпкер  -2014 жылдан бері қосымша күн сәулесінің энергиясын тұтынып келеміз. Соның арқасында қыс мезгілінің бір айында 100-150 мың теңге үнемдедік.  Қазір Қостанай облысында жасыл экономика аясында отызға жуық жоба жүзеге асырылған. Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг

Источник: http://khabar.kz/kz/news/kogam-kz/item/58255-ostanajly-ba-bandar-zhasyl-tekhnologiyany-bau-ba-shada-oldanuda