Су тиімділігін арттыру, ауаның ластануын азайту, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру. Елімізде «Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақстанды қолдау» атты жоба бастау алды. Мақсат – экологиялық мәселелерді шешумен қатар, «жасыл экономикаға» көшу тәсілдерін айқындау.

Елбасымыздың «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бойынша елімізде бірқатар шаралар тізбегі бой көтеруде. Жоба аясында 2016-2017 жылдар аралығында Қазақстанның 8 аймағы бойынша жасыл тәжірибелер қорытындыларын көрсету мақсатында жобалар жүзеге асырылады. Шара аясында облысымыздың 60 ауылдық жерлерінде  суды үнемдейтін технологиялар енгізілген.

Бүгінде бау-бақша өсіру мақсатында суды үнемдейтін 3 технология енгізіліп отыр. Олар: тамшылап суару, гидрогель және агроталшық. Баспасөз туры барысында «Перекресток» қоғамдық қоры қолдауымен жасалған «Хатико» қалпына келтіру орталығы жылыжайында көкөністерді заманауи қондырғылар арқылы жоба аясында өсіріп жатқанын бақыладық. Сала мамандарының айтуынша бұл біріншіден суды 10 есеге үнемдеп, өнімді әдеттегіден көп берсе, екіншіден адам жұмысын жеңілдететін көрінеді.

Сонымен қатар өңіріміздің кейбір демалыс орындарында да табиғи ресурстарды үнемдеу үрдісі кеңінен қолға алынған. «Жасыл экономика моделіне өту» жобасы арқылы өнім өсіру үшін облыс әкімдігі қолдауымен байқау ұйымдастырылды. Лайықты деп саналғандары қондырғылармен қамтамасыз етті. Олардың ішінде бақшасында үш технологияны қолданып бүлдірген өсіріп жүрген зейнеткер Валерий Мищенко да бар.

Мамандардың айтуынша «жасыл» экономиканы дамыту, көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымымен қозғаған экологиялық дағдарысты елімізде болдырмауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, бұл жоба Еуроодақ қолдауымен қаржыланып отыр, сонымен қатар өңір әкімдіктерімен мемарандум жасалған. «Жасыл» экономиканы қолдау және Джи глобалды дамыту коалициясы Қазақстанның жасыл экономикаға өтуін жүзеге асыратын қоғамдық провайдері болып табылады. Мақсаты жасыл экономикаға жол бастар заманауи қондырғылар ауыл тұрғындарына да қол жетімді екенін көрсету.

Источник: http://kostanaytv.kz