«Жасыл экономика» моделі үшін Қазақстан 7,1 млн. еуро көлеміндегі қаржылық қолдауға ие болды

Астана. 24 ақпан. Baq.kz – «Жасыл экономика моделіне көшу бойынша Қазақстанды қолдау» жобасы су секторында «жасыл тәжірибені» кеңінен таратуға негіз болады. Мұндай мәлімдеме бүгін Астанада Қазақстанның су ресурстарын басқаруда инновациялық шешімдерді енгізу тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Жиында сөз алған кезегінде Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, Елші Траян Христеа 2014 жылдың соңында жасалған келісім негізінде ЕО тарапы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетімен тығыз байланыс жасап, ЕО-ның 7,1 млн. еуро көлеміндегі қаржылық қолдауымен ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК-тің бірлескен жобасын бастағандығын атап өтті. «Қаржыландырудың елеулі бөлігі жергілікті деңгейдегі қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Ал алдағы жылы басталатын ЭКСПО-2017 көрмесі салада алдыңғы қатарлы әдістер мен инновацияларды жасауға серпін беретініне үміттенемін» деді.

Айта кетейік, жоба 2015-2018 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында суды пайдаланудың экономикалық тетігі жөніндегі нұсқаулар жасалып, халықаралық су заңнамасын қолдануға жәрдем көрсетіліп, су ресурстарын трансшекаралық басқару бойынша ынтымақтастық нығайтылады деп жоспарланған.
Источник: baq.kz