Жасыл экономика халықтың жағдайын жақсартады

2013 жылдың мамырында біздің елімізде Қазақстанды жасыл экономикаға көшіру туралы тұжырым бекітілді. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «жасыл» жобалар туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекова мен «Жасыл экономика үлгісіне көшу жөніндегі Қазақстанды қолдау» Еуропалық одақ, БҰҰ Даму бағдарламалары, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы және ҚР Үкіметінің бірлескен жобасының менеджері   Гүлжамал Исаева хабарлады.

RaxumbekovaСалтанат Рақымбекова, «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы:

– 2015 жылдан бастап, халықаралық деңгейдегі ұйымдар елімізде жасыл экономикаға көшу үлгісі жөніндегі жобаларды қолға алды. Жасыл экономикаға көшу үшін жақсы жобаларды жүзеге асыру керек. Ол жобалар халықтың жағдайын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс. Осы жобаларды кеңінен жүзеге асыру үшін республикалық үкіметтік емес ұйымдар арасында конкурс жарияланды. Конкурс жеңімпазы ретінде 14 үкіметтік емес ұйым танылды. Яғни, 14 тақырыптың 11-і техникалық жүйеге, 3-еуі жасыл экономиканың принциптерін таныстыруға қатысты.

2016 жылдың басында Біріккен Ұлттар ұйымының тұрақты даму ғаламдық мақсаты қабылданды. Әлемдік көшбасшылар тарапынан ғаламшарды сақтауды қамтамасыз ету мен оның халқының әлеуетін арттыруға бағытталған 17 негізгі мақсат айқындалған. Қазақстан жасыл экономика принципін тек елдің ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде де белсенді түрде енгізуде. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы іске қосылды. Оның мақсаты –экологиялық өндірісті жер-жерде енгізуге мүмкіндік туғызу. Басты талаптың бірі бүгінде суды, жерді, биологиялық ресурстарды пайдалану мен басқару тиімділігін арттыру болып отыр. Әрине, басты назарда – экологиялық технологияларды елдің ішінде енгізу.

Осындай үкіметтік емес ұйымның бірі «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» болып табылады. Ол жыл бойы Қазақстанның жасыл экономика үлгісіне көшу саясатын ақпараттық қамтамасыз ету жобасын іске асырады. Энергия және су үнемдеу мәдениетін қоғам санасында қалыптастыру да бүгінгі күннің талабы болып отыр.

IsaevaГүлжамал Исаева, «Жасыл экономика үлгісіне көшу жөніндегі Қазақстанды қолдау» Еуропалық одақ, БҰҰ Даму бағдарламалары, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы және ҚР Үкіметінің бірлескен жобасының менеджері:  

– Осы тектес жұмыстардың жарқын мысалы «Жасыл экономика үлгісіне көшу жөніндегі Қазақстанды қолдау» Еуропалық одақ, БҰҰ Даму бағдарламалары, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы және ҚР Үкіметінің бірлескен жобасы бола алады. 2016-2017 жылдары Қазақстанның 8 облысында «жасыл» технологиялар саласында 14 жоба жүзеге асырылады. Мұндағы басты назар аударылған мәселе жергілікті жерлердегі проблемаларды тауып, соны шешу бағыттарын анықтау. Мәселен, Маңғыстау облысында ауыз су жеткізу жүйесін орнату бойынша жоба қолға алынады. Соның арқасында өңірдегі 500 үй ауыз сумен қамтылмақ. Шығыс Қазақстан облысында күн коллекторлары орнатылмақ. Қызылорда облысындағы 8 мектепте ауыз суды тазарту жүйесі орнатылады. Алматы облысында балық шаруашылығына қатысты жоба жүзеге асады. Қостанай облысында Оңалту орталықтарында су үнемдегіш және энерготиімді технологиялардың негізінде жылыжайлар салынады. Қарағанды облысында табиғи бұлақ көздері қайта тазартылып, шалғай ауылдарда бақша шаруашылығын сумен қамту бойынша жоба іске асырылады. Оңтүстікте су қысымы мұнарасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін күн және жел қондырғылары орнатылады. Соның арқасында 180 үйге ауыз су тартылады.

Барлық жобалар 100 нақты қадам Ұлт жоспарының стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді. Аталған жобаларды іске асыру арқылы экономикалық өсім мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға қол жеткізіледі. Осы кезеңде Қазақстанда таза сумен қамтамасыз ету мен энергияны үнемдеу жоспары тиімді жүзеге аспақ.

Гүлшат ХАМИТ

 

Источник: Мунара