Қазақ шөлі шұрайлы оазиске айналады

Қазақстанның шөл және шөлейтті жерлерінде шұрат-оазистер пайда болады.

Бұған жасыл технологиялар жәрдемдеспек. Бұл туралы «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы мен Бас редакторлар клубы ұйымдастырған жиында жария етілді. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында мемлекетіміздің дамудың «жасыл» жолына көшуіне маңыз берген болатын. Бұл іске Астанада өткелі тұрған ЭКСПО-2017 көрмесі қуатты серпіліс беруге тиіс.

Айтқандай, кездесу кезінде әңгіме бол­ған бірқатар жобалар елордадағы әлемдік ғылым мен техниканың үздік жетістіктері көрмесінде ұсынылады деп күтілуде.
Мәселен, 2015 жылы Еуропалық одақ­тың, БҰҰ Даму бағдарламасының «Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақ­станды қолдау» бірлескен жобасы іске қо­сылған. Оның аясында еліміздің 8 өңірінде 14 жоба қаржыландырылған. Арасында балық және ауыл шаруашы­лығындағы, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылықтағы жаңа технологиялар бар.
– Ұлан-байтақ қазақ жерінде органи­калық таза өнімдер өндірісін жолға қою қажет. Біз осы істі қолға алған фермерлерге қолдау көрсетудеміз. Оларға қолжетімді жасыл технологияларды үйретеміз. Біздің жобалар нәтижесінде жиналған барлық тәжірибені Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Су ресурстары комитеті ары қарай өз бағдарламалары аясында Қазақстанға таратып, дамытады. Ал біздің мақсатымыз – әлемде қандай үздік үлгілер барлығын және оны Қазақстан жағдайында қалай қолдануға болатынын паш ету, – деді жоба менеджері Гүлжамал Исаева.
Оның айтуынша, 2016 жылы ірі, іргелі жобалардың пилоттық жобасы да өмірге жолдама алған және ол еліміздің 4 өңірін қамтуда.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауда­ны, Ақши кентіндегі бірінші жоба арқылы жасыл инфрақұрылым мен технология­лар­дың ауылдағы санитария мәселесін шешуге қалай көмектесе алатындығы паш етілмек.
– Мемлекеттік бағдарламалар арқа­сын­да ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету проб­лемалары шешімін табуда. Құбыр төсеп, үйді-үйге су жеткізуге бюджеттен мил­лиард­­таған қаржы арна тартуда. Бірақ әр үйге кірген су кейін әлдеқайда шығуы, әкетілуі керек. Қазір ауылдық жерде кәріз-канализа­ция жүйесі мәселесі өзекті болып тұр. Біз бір ауыл үлгісінде бұл салада қан­дай техно­логияны қолдануға болатынын көрсе­теміз. Ол үлкен эксплуатациялық шығыстар мен жоғары білікті мамандарды қажет етпейді. Себебі, ауылдарда осындай жүйеге қызмет көрсететін үлкен комму­нал­­дық шаруашы­лық құру күрделі, – деді Г.Исаева.
Қазіргі кезде бұл нысан жобалау саты­сында екен. Бір жыл ішінде алғашқы нә­ти­желері жұрт назарына ұсынылатын болады.Екінші жоба аясында халықаралық белді ұйымдар Қазақстандағы шөл және шөлейт жерлерді «шұрат-оазистік сулан­дыру» тех­но­логиясының мүмкіндіктерін көрсетпек.
– Бұл бағыттағы үлгілі жоба Қызылорда облысындағы фермерлік шаруашылық жерінде іске асырылады. Республика аума­ғы­ның басым бөлігі болып табылатын шөл және шөлейт аймақтар бүгінде еш пайдаға аспай жатыр. Ал шұраттық сулан­дыру тех­но­логиясын пайдалану арқылы осы аймақ­тардағы шағын учаскелерде мысалға, азық-жем дақылдарын өсіруге болатынына халық­тың көзін жеткізбекпіз. Бұл еліміздегі жері шөлді өңірлерде мал шаруашылығын жүргізу мүмкіндігін кең­ей­теді. Бұл үлгілер­дің барлығын артынан мемлекет бүкіл рес­пуб­лика көлеміне жая­ды, – деді ЕО мен БҰҰДБ ұйымдары бірлескен жобасының жетекшісі.
Жоғары технологиялар саласындағы үшінші жобаға Ақтөбе облысындағы Қар­ғалы жән Ақтөбе су қоймалары алынып отыр. «Ақтөбе су қоймасы дәл Ақтөбе қала­сының жанында орналасқан, бұл ретте оның тұрғындардың қауіпсіздігіне төндірер қаупі мол. Біз осы су қоймасында бақылау-өлшеу аспаптарының автомат­тандырылған жүйесін орнатпақпыз. Яғни арнайы дат­чик­тер су қысымының күшей­гені, су дең­гейі­нің көтерілгені туралы бас­қарушы ком­панияны алдын ала хабардар етеді. Бұл әрине, төтенше жағдайларды бол­дырмауға бағытталған шараларды қол­ға алуға көмек­теседі» деді Гүлжамал Исаева.
Ал таулы жерде орналасқан Қарғалы су қоймасын «жасыл» жобалар арқылы ком­мерциялық тиімді нысанға айналдыру көз­делуде. «Қазір еліміздегі барлық гидротех­никалық құрылымдар мемлекет қарауында және бюджет мойнында отыр. Дамыған елдерде мұндай нысандар өз­де­рін-өздері қаржыландырып қана қоймай, мемлекетке табыс әкеледі. Жоба аясында Қарғалы су қоймасы халыққа қызмет көрсетіп, кіріс көретін үлгіге айналдыры­лады. Бұл үшін оның айналысында рек­реа­циялық аймақ түзіліп, туризм дамыты­лады. Екіншіден, то­ғанда балық өсіру жолға қойылады. Үшін­­шіден, жылыжай шаруашылығы ашылады. Төртіншіден, шағын гидроэлектр стансасы қойылып, бөгенді, балық шаруа­шылығын және жылыжайларды қуатпен қамтамасыз етеді» деді жоба менеджері.
Осы мақсатта техникалық-эконо­мика­лық негіздеме әзірленеді. Мұндай бизнес-модель еліміздегі өзге су қойма­лары үшін де пайдалы болуы ықтимал. Жасыл техноло­гия­­лардың тағы бір маңы­зы сол, олар соны­мен бірге бетон мен шы­ны «қораптарға» қамал­ған қала халқын табиғатқа жақындата түсуге септігін тигізеді.
Төртінші жоба да қызықты көрінеді. Ол Астанада «қалалық ауыл шаруашы­лы­ғын дамытуды» қарастырады. Мысалы, шаһар жағдайында жылыжайларда таза, органика­лық аскөк, жеміс-көкөніс өсіру қолға алын­бақ. Бұл ретте жасыл техноло­гиялар мүм­кін­дігін пайдалану арқасында мұндай өнім­дер құнының қолжетімді болатыны айтылды.
«Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының бас­қарма төрайымы Салтанат Рақымбекова елімізде органикалық таза өнімдерді өн­дірумен 28 шаруашылық айналыса­тынын жеткізді. Оның мәліметінше, тиісті белгі-маркировка алу үшін отандық өнім өнді­рушілер өз нысандарына тапсырыспен Түркия­дан және еуропалық елдерден са­раптама алғызады екен. Дегенмен, мем­ле­кет бұл істі өз елімізде жолға қоюға кірісіп­ті.
Осы және басқа да «жасыл» жобалар нәтижелері келер жылы ЭКСПО-2017 көр­месі аясында Қазақстан павильонында таныстырылады деп күтілуде.

Источник: Айкын